Талас ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асуда
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 32 жұмыс істеп тұрған аудандық орталық аурухана жаңғыртылып, қайта жөндеуден өткізілуде. Бұл ауруханаларға ауданаралық мәртебе беріледі.
Мұндай ауруханалар бірнеше елді мекеннің, соның ішінде көршілес аудандардың тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Ауданаралық мәртебеге Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасы ие болды.
Бүгінде республикалық бюджет қаражаты есебінен аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстарының көлеміне аурухана ғимараты, жұқпалы аурулар бөлімі, ас блогы және әкімшілік корпусының ғимаратын толықтай жөндеу кіреді.
Сонымен қатар инженерлік жүйелер (жылу, су, кәріз, электр желілері, желдету) толық ауыстырылып, қауіпсіздік, өрт дабылы және бейнебақылау жүйелері жаңартылады. Толыққанды жедел медициналық көмек қызметі іске қосылады.
Бұдан бөлек, негізгі корпус жанынан жаңа диагностикалық қабылдау бөлімінің құрылысы жобалануда. Бұл бөлім қазіргі талаптар мен стандарттарға сай, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұнда ангиограф орнатылып, магнитті-резонансты томограф арқылы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі болады.
Медициналық ұйымдарды жаңғырту – бұл тек заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру ғана емес, сонымен бірге Талас ауданы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың кепілі.
Жобаның басты мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қызмет сапасын жақсарту, қолданыстағы мекемелерге түсетін жүктемені азайту және ауданның денсаулық сақтау жүйесін халықаралық стандарттарға жақындату.
Күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылдың шілде айының ортасында толық аяқталады деп жоспарлануда. Жаңартылған бөлімшелер науқастарды заманауи әрі қолайлы жағдайда қабылдап, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жөндеу аяқталған соң аурухана жаңа серпін алып, өз қызметін жаңа деңгейде жалғастыратын болады. Бұл бастама – Талас ауданы тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам.